BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТ БАС ПРОКУРАТУРАДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткен кеңесте елде жүріп жатқан өзгерістерді атап өтіп, алдағы Конституциялық реформа кезеңінде заң үстемдігі басты қағида болуы керегін айтты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент құқықтық тәртіптің маңызын атап, халықаралық жағдай бұл ұстанымның өзектілігін көрсетіп отырғанын жеткізді. Ол прокуратура қызметкерлерінің заң бұзушылыққа бейжай қарауына жол берілмейтінін айтты.

Жиында құқық қорғау органдарын цифрландыру жұмысы біркелкі емес екені көтерілді. Мемлекет басшысы әр мекеменің жеке жүйе дамытуы тиімділікті төмендететінін айтып, цифрлық шешімдерді түгендеп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырды. Күштік құрылымдарға ортақ бірыңғай цифрлық экожүйе қажет екені де айтылды.

Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесіне назар аударды. Жеке ақпараттың таралуы жиілегенін атап, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеуді тапсырды. Сондай-ақ киберқылмыс көбейгенін, интернеттегі алаяқтық істердің аз бөлігі ғана ашылатынын айтып, жаңа тәсілдер енгізу қажет екенін жеткізді.

Көші-қон саласын толық цифрландыру да күн тәртібінде болды. Мемлекет басшысы шетел азаматтарын уақтылы тіркеу және олардың қозғалысын бақылауды қамтамасыз ететін техникалық жүйелерді жетілдіруді тапсырды.

Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контент туралы сөз болды. Президент деструктивті ақпараттың таралуына жол бермеу керегін айтып, құқықтық жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтты.

Кеңес барысында отаншылдық ұғымы да қозғалды. Мемлекет басшысы отаншылдықтың жауапкершілік пен пайдалы іспен өлшенетінін атап өтті.

Жиында Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *