BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА БОЙЫНША НЕГІЗГІ ТӘСІЛДЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтіп, конституциялық өзгерістерге қатысты негізгі тәсілдер қаралды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жұмыс тобының осы уақытқа дейін атқарған жұмысы туралы баяндап, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл түзетулер саяси жүйені заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген негізгі тәсілдерге тоқталды. Былтырғы қазан айынан бері өткен отырыстарда депутаттар саны, өкілеттік мерзімі, сайлау форматы, бір палаталы Парламенттің заң шығару жүйесі және билік тармақтарының өзара іс-қимылы толық қарастырылған.

Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан қоғамнан түскен ұсыныстардың мазмұны туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, бірнеше ай ішінде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастығы, құқықтанушылар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты өз пікірлері мен бастамаларын жолдаған. Жұмыс тобына мемлекеттік құрылым, саяси институттар және қоғамдық ұйымдарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс түскен.

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов алдағы өзгерістердің ауқымы зор екенін айтты. Депутаттар өңірлердегі кездесулер барысында азаматтардың саяси реформаларға ерекше қызығушылық білдіріп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге отырыста Сенаттың профильдік комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Никита Шаталов және саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов өз пікірлерін ортаға салды.

Отырыс соңында Мемлекет басшысы конституциялық реформа талқыға шығарылғанына жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы кезеңде қоғамда Жоғары заң шығарушы органды трансформациялау жөнінде ортақ түсінік қалыптасқанын айтты.

Президент қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды жіті бақылап отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ұсынылған түзетулер, сараптама қорытындылары және азаматтардан келіп түскен пікірлер толыққанды зерделенуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғыртудың маңызына тоқталып, заң шығарушы билік қызметін жүйелі түрде қайта форматтау қажеттігін айтты.
Президент ертең өтетін Ұлттық құрылтайда бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын жариялайтынын жеткізді.

– Еліміздің сапалық тұрғыдан жаңа саяси моделі қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескере отырып, ұсынылып отырған түзетулер жаңа Конституция туралы айтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *