BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ЖӘНЕ TUBACEX ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ ӨНЕРКӘСІІПТІК ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасына тікелей шетелдік инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет басым салаларда шетелдік инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатуда, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов испандық Tubacex Group компаниясының вице-президенті Антон Азлормен кездесу өткізді. Тараптар өнеркәсіптік кооперация мәселелерін, оның ішінде жоғары технологиялы өндірістерді енгізу және мұнай-газ саласына қажетті өнімдерді шығару жобаларын талқылады.

Антон Азлор Қазақстанға, нақтырақ айтқанда Атырау облысына, тот баспайтын болат пен никель қорытпаларынан жіксіз құбыр шығаратын зауыт салу жобасын ұсынды. Бұл – Орталық Азияда алғаш рет іске асырылмақ өндіріс болмақ. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 12 мың тонна дайын өнім. Сонымен қатар заманауи мұнай-газ машина жасау зауытын ашу мәселесі де қаралды.

Үкімет шетелдік инвесторларды тарта отырып, қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын өндіріс орындарын ашуға баса назар аударып отыр.

Кездесу соңында екі тарап ашық әрі сындарлы диалогты жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді. Жобаларды одан әрі пысықтап, іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді.

Анықтама: Tubacex – мұнай-газ өндіру (су асты, су үсті және құрлықтағы жобалар), электр энергетикасы (дәстүрлі және атом энергетикасы) және мұнай-химия салаларына арналған жіксіз болат құбырлар мен арнайы қорытпалар шығаратын әлемдік жетекші компания. Қазіргі таңда Tubacex-тің әлем бойынша 24 өндірістік кәсіпорны және 14 қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *