ЗАҢДЫ БІЛ — ҚЫЛМЫСҚА ЖОЛ БЕРМЕ
Ағымдағы жылдың 29 желтоқсан күні Жастар ресурстық орталығының директоры Пірімбек Мадина Қайратқызы «Заңды біл — қылмысқа жол берме» акциясы аясында студенттер арасында құқықтық түсіндірме жұмыстарын өткізді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шара барысында жастарға Қазақстан Республикасының заңнамалары, құқықтық жауапкершілік түрлері, құқық бұзушылықтың салдары, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылықтарды алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ, заңды сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Аталған акцияның негізгі мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және қылмысқа жол бермеу бағытында алдын алу жұмыстарын күшейту болып табылады.

