АУЫЛДАР ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ
Жамбыл облысының Талас, Жуалы және Жамбыл аудандарының елді мекендері табиғи газбен қамтылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асқан ауқымды жоба аясында газды іске қосу рәсімі салтанатты түрде өткізілді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Талас ауданы Майтөбе ауылында өткен шарада аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков жобаның әлеуметтік маңызын, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов, «ҚазақГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы басшысы Бақтияр Көпбосынов, Берікқара ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Сатыбалдиев сөз сөйлеп, жобаның тұрғындар игілігі үшін маңызын атап өтті. Салтанатты рәсім алау жағу мен ауыл ақсақалдарының батасымен аяқталды.
2023–2025 жылдарға арналған жоба аясында облыста 9 елді мекеннің 944 тұрғын үйі табиғи газға қосылды. Бұл тұрғындарды қатты отынға тәуелділіктен арылтып, тұрмыстық жағдайды жақсартуға, экологиялық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, газбен қамтылған ауылдардағы мектеп, балабақша, емхана және мәдениет үйлері де жылумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Жоба ел Президентінің ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуын көрсетеді. Бұл бастама әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдардың дамуына тың серпін береді. Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған игі іс ұзақ мерзімді нәтижелерге жол ашады.

