ҚАЗАҚСТАННЫҢ E-QYZMET ЖҮЙЕСІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ OPSI OECD ПЛАТФОРМАСЫНДА ЖАРИЯЛАНДЫ
Халықаралық OPSI платформасы Қазақстанның персоналды басқарудың интеграцияланған ақпараттық жүйесі – e-Qyzmet-ті енгізу тәжірибесін жариялады. Бұл мемлекеттік сектордағы кадрлық процестерді цифрландыру бағытындағы елдің жетістігін халықаралық деңгейде мойындаудың маңызды көрсеткіші деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
e-Qyzmet – мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғыртудың негізгі элементтерінің бірі. Жүйе HR-процестерді толық автоматтандырып, кадрлық ақпаратты орталықтандыруға, бюрократиялық рәсімдерді азайтуға және шешім қабылдау кезіндегі субъективтілік тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді іріктеу, бағалау және қызмет бойынша ілгерілету процестерінің ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Платформа мемлекеттік органдардағы 400-ден астам басқарушылық және HR-процесті қамтиды. Іріктеу рәсімдерінің цифрландырылуы кадрлық жүйенің ашықтығын арттырып, кәсіби және тұрақты мемлекеттік қызмет қалыптастыруға ықпал еткен.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, e-Qyzmet жүйесі туралы ақпараттың халықаралық платформадан орын алуы Қазақстанның цифрландыру және HR-әлеуетін дамытудағы прогресін көрсетеді. Оның сөзінше, жүйені жаңғырту мен цифрлық іріктеуді енгізу нәтижесінде бос лауазымдарға конкурстық көрсеткіш айтарлықтай өскен: орта есеппен бір орынға 5,5 үміткерден келеді. Бұл дәстүрлі іріктеу жүйесіне қарағанда үш еседен көп.
Сондай-ақ цифрландыру саласындағы жетістіктердің халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстанның ЭЫДҰ аясындағы сараптамалық диалогтар мен бастамалардағы позициясын нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Анықтама үшін:
OPSI (Observatory of Public Sector Innovation) – мемлекеттік басқарудағы инновацияларды жинақтап, талдап және насихаттауға бағытталған ЭЫДҰ-ның жаһандық платформасы. Оның негізгі құрамдас бөлігі – түрлі елдердің реформалары мен цифрлық шешімдері жарияланатын Case Study Platform. OPSI материалдарын үкіметтер, халықаралық ұйымдар және сарапшылар пайдаланады. Қазақстандық жобалардың жариялануы елдің инновациялық даму үдерістеріне ашық екенін көрсетеді.

