BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ 110 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ӨСЕДІ

Жаңа жылдан бастап елімізде 1,8 миллион адамның табысы артуы мүмкін. Бұған ең төменгі жалақы мөлшерінің 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтерілуі ықпал етеді. Оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкердің де жалақысы өседі, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz».

Экономика ғылымдарының докторы Сұлтан Әбілдаевтың айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі азаматтардың сатып алу қабілетін арттырып, ел экономикасына оң әсер етуі мүмкін. Халықтың қолында қаражат көбейсе, тауарлар мен қызметтерге сұраныс та артады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруға ықпал етеді.

—Адамдардың сатып алу қабілеті өседі. Яғни, оларда артық ақша пайда болғандықтан, сол қаражатты жұмсауы экономикаға оң әсер беруі керек. Өйткені адамдар тұтына бастаса, тауарлар мен қызметтерді көбірек ала бастаса, экономикаға серпін береді. Ал сол тауарлар мен қызметтерді ұсынатын кәсіпкерлердің жұмысы да жандануы керек, – дейді Сұлтан Әбілдаев.

Сонымен қатар Президент шағын және орта бизнесті қолдау мәселесіне де назар аударды. Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлік нысандарын тексеруге үш жыл мерзімге мораторий жариялау тапсырылды.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың пікірінше, мұндай шешім кәсіпкерлерге кәсібін дамытуға және қаржылық қор жинауға мүмкіндік береді. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындары мен сауда саласындағы шағын және орта бизнес үшін тексерістердің азаюы маңызды.

— Мораторий жарияланса, шағын кәсіпорындарға үш жыл ішінде кәсібін өркендетіп, барынша қор жинауға мүмкіндік туады. Бұл шағын бизнеске күш жинап, іріленуге, ал орта бизнеске әрі қарай даму жоспарын жүзеге асыруға жол ашады, – дейді Айбар Олжай.

Еске салайық, бұған дейін елімізде кәсіпкерлік нысандарын тексеруге 2022 жылы мораторий енгізілген еді. Ал жаңа жылдан бастап шағын және орта бизнесті қолдау шаралары жалғасын таппақ.

Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, учаскелік қызметтегі 77 мыңға жуық дәрігердің жалақысы еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *