«ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ПРОКУРОРЛЫҚ СҮЗГІ» ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін өңірлік бақылаушы, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қарауына «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы ұсынылды. Бұл бастама 12 қаңтардан бастап ресми түрде іске асырылады. Жобаның тұсаукесері облыс әкімі, Парламент Мәжілісі депутаттары мен өңірдің ірі инвесторларының қатысуымен өтті.
Жаңа жобаға сәйкес енді бақылаушы және уәкілетті органдар инвесторларға қатысты шектеу-тыйым салу шараларын қабылдау туралы барлық шешімдерді келісуге тиіс. Оның ішінде қызметті тоқтата тұру туралы шешімдер, рұқсат немесе лицензия мерзімін ұзартудан бас тарту, бұрын шығарылған оң шешімнің күшін жою және инвестициялық келісімшартты бұзу мәселелері бар.
Жиында сөз алған кәсіпкерлік басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, биыл жалпы құны 186,5 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осылайша, 1374 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жалпы, Жамбыл облысында инвестицияның негізгі бағыттары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, электр энергетикасы, туризм, сондай-ақ құрылыс және өнеркәсіп саласына бағытталған.
Жалпы облыстық прокуратура мамандары өткен жылы 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды деп отыр. 49 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылыпты. Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 500-ден астам негізсіз актілері жойылып, кәсіпкерлерге 246 млн. теңге төленген.