BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЖОБАЛАР ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ АРҚЫЛЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛАДЫ

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекеттік қаржы саласына цифрлық теңгені енгізу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысын өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиында ортамерзімдік кезеңде кемінде 100 мемлекеттік жобаны жүзеге асыру кезінде цифрлық теңгені қолдану міндеті қойылғаны айтылды. Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі транзиттік интеграция моделін жүзеге асыруда, ол Қазынашылық комитетіне бірыңғай терезе құру, цифрлық теңгені эмиссиялау және өтеу үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ өтімділікті басқару тәсілдерін енгізуді көздейді.

Ұлттық банк кеңесшісі Бинұр Жәленов енгізу барысы мен кеңейту жоспарын таныстырды. Қазіргі уақытта пилоттық режимде бірнеше жоба сынақтан өтіп жатыр: Павлодар мен Атырау облыстарында жолдарды орташа жөндеу, Астанада мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ алу үшін ваучерлерді бөлу жобасы. Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту», «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы және Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік сатып алу жобалары бойынша пилоттық жұмыстар жүргізілуде.

Таңбаланған цифрлық бюджет қаражаты тек келісімшартта белгіленген мақсаттарға ғана жұмсалады, оны қолма-қол немесе қолма-қолсыз ақшаға айырбастауға болмайды. Қаражат қызметтер толық орындалғаннан немесе жеткізілім расталғаннан кейін ғана қолданылады. Бұл цифрлық теңгені бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылаудың тиімді құралына айналдырады.

Жол жөндеу

Жол жөндеу жобаларында цифрлық теңгені енгізу үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді нормалау бойынша бірыңғай әдістеме қажет. Барлық бөлшектерді цифрландыру, платформаны сертификатталған жеткізушілердің дерекқорымен интеграциялау және шығындарды салыстыру алгоритмдерін енгізу жоспарлануда. Пилот қорытындысы жекелеген материалдар мен қызметтердің құны арасында сәйкессіздіктер барын көрсетті.

Цифрлық теңге арқылы төлеу үшін тапсырыс берушілер, бас мердігерлер және қосалқы мердігерлер «е-шарттар» жүйесінде шоттарға ие болуы тиіс.

Мектеп оқушыларына арналған ыстық тамақ ваучерлері

Астанадағы пилоттық жоба 113 мектеп пен 29 азық-түлік жеткізушіні қамтиды. Жоба мектептердің әртүрлі ұйымдық-құқықтық формаларына байланысты кейбір техникалық және ұйымдастырушылық қиындықтарды анықтады. Жыл соңына дейін техникалық дайын мектептерді цифрлық теңгеге шығару, қалған мәселелерді келесі оқу жылына дейін шешу жоспарлануда.

Кәсіпкерлерді қолдау және мемлекеттік сатып алу

«Даму» қорына өтінім беру кезінде ШОБ несиені пайдалану мақсаттарын көрсетеді, бұл бағдарламаланатын параметрлерді алдын ала қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік сатып алу кезінде цифрлық теңге қолдану есеп айырысу тізбектерінің толық ашықтығын және бюджетке түсімдердің уақтылы түсуін қамтамасыз етеді, салық тәуекелдерін азайтады және қаражатты жұмсауда жалған схемалардың алдын алады.

Цифрлық теңгені енгізудің басқа бағыттары

Пилоттық режимде келесі жобалар қарастырылуда:

  • Цифрлық ҚҚС интеграциясы ЭШФ жүйесімен, пилотты кеңейту 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған.
  • «Қауіпсіз мәміле» жобасы: автомобиль және жылжымайтын мүлік мәмілелерінде ақша қайта тіркелгенге дейін бұғаттау механизмі 2026 жылы сәуірде іске қосылады.
  • Қымбат медициналық жабдықтар мен ірі өнеркәсіптік нысандарды салуда цифрлық теңгені пайдалану.

Отырыс қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі жыл соңына дейін Ұлттық банкпен бірге қазынашылық жүйелерін цифрлық теңге платформасымен интеграциялаудың нысаналы моделін әзірлейді. Көлік министрлігі жолдарды орташа жөндеудің жаңа жобаларында цифрлық теңгені қолдану жол картасын дайындауы тиіс. «Самұрық-Қазына», Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері цифрлық теңгемен сатып алу үшін жобалар тізімін айқындауы қажет.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *