МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ WORLD BOXING ПРЕЗИДЕНТІ ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИНДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдап, оны халықаралық федерация басшылығына сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент даңқты боксшының әлемдік спортты дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Мемлекет басшысы Головкиннің кәсібилігі мен беделі халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын айтты.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев оның қазақ бокс мектебінің дәстүрін әлемге танытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, Головкиннің табандылығы мен еңбекқорлығы көптеген жасқа үлгі болып отыр.
Мемлекет басшысы спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметін де жоғары бағалады. Ол Головкиннің қысқа уақыт ішінде ұлттық спорт федерацияларымен тиімді жұмыс жүйесін қалыптастырып, Халықаралық Олимпиада комитетімен байланыс нығайтқанын атап өтті.
Сондай-ақ Президент Геннадий Головкиннің World Boxing федерациясын басқаруда алда ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы оның кәсіби тәжірибесі ұйымды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спортты дамытуға қосқан еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Өз кезегінде Геннадий Головкин көрсетілген сенім үшін Президентке алғыс айтып, боксты әрі қарай дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға дайын екенін жеткізді.
