BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА НАТРИЙ ЦИАНИДІ ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Жамбыл облысында жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге аймақ әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба Мемлекет басшысы жолдауда айқындаған стратегиялық міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып отыр. Аймақ басшысы өңірдің химия өнеркәсібіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін фосфор, аммофос және натрий цианидінің барлығы Жамбыл облысының кәсіпорындарында өндіріледі.

Әкімнің айтуынша, жаңа өндірістерді іске қосу және инновациялық технологияларды енгізу өңір экономикасын нығайтуға ықпал етеді. Натрий цианидін өндіру жобасы да осы мақсаттарға сай, өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға бағытталған.

Кәсіпорын Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында салынып жатыр. Инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асыруда. Құны 68 млрд теңгені құрайтын зауыттың жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна. Өнім ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияға экспортталмақ.

Зауыт 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Компания басшылығы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 250 тұрақты жұмыс орны құрылатынын, оның басым бөлігі жергілікті мамандар болатынын мәлімдеді.

Облыста инвестициялық белсенділік артып келеді. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңір экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 пайызға жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда Жамбыл облысы инвестициялық ахуал бойынша республикада алғашқы үштікке енген.

Биылдың өзінде құны 21 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы облыс бойынша 2028 жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланған 62 ірі жоба бар, олардың жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайды. Аталған жобалардың 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *