ҚАЗАҚСТАН ЭЫДҰ-НЫҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕ ӨЗ ПОЗИЦИЯСЫН ЖАҚСАРТТЫ
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жүргізген TALIS-2024 – сабақ беру және оқытудың халықаралық зерттеуінің нәтижелері бойынша Қазақстанның білім беру жүйесінде оң өзгерістер байқалды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан білім беру саласын жетілдіру және педагог мәртебесін арттыру шараларының тиімділігін көрсетеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
TALIS зерттеуі білім беру ортасын, мұғалімдердің еңбек жағдайларын, кәсіби даму мүмкіндіктерін және оқыту тәжірибесін бағалауға бағытталған. Биылғы зерттеуге Қазақстаннан 7 мыңнан астам педагог пен 369 мектеп директоры қатысты.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл – мұғалімдердің оқу ортасы мен еңбек жағдайларын жан-жақты талдайтын әлемдегі жалғыз халықаралық зерттеу. 2018 жылмен салыстырғанда, қазақстандық педагогтерді әкімшілік жұмыстарға тарту азайып, сабақ өткізу мен ата-аналармен байланысқа көбірек уақыт бөлінген. Сондай-ақ мұғалімдердің мамандығына және еңбек жағдайына қанағаттану деңгейі айтарлықтай артқан.
Зерттеу нәтижелері педагогтердің еңбек жағдайында нақты оң өзгерістер бар екенін дәлелдеді. 2024 жылы қазақстандық мұғалімдердің орташа апталық жүктемесі 36 сағатты құраған. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 50 сағат болған. Жүктеменің мұндай қысқаруы ЭЫДҰ елдері арасында сирек кездесетін жағдай. Сонымен қатар педагогтердің орташа жасы 41 жасқа дейін төмендеп, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа деңгейден 4 жасқа аз.
Маңызды қорытындылардың бірі – мұғалімдердің өз еңбегіне және жалақысына қанағаттанушылығының өсуі. Сауалнамаға қатысқан педагогтердің 95 пайызы өз жұмысына риза екенін, ал 80 пайызы мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, қайтадан мұғалім болуды қалайтынын білдірген.