РОМАН СКЛЯР ТҮРІК ІСКЕРЛІК ҚОҒАМДАСТЫҒЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Түркияның Сыртқы экономикалық байланыстар кеңесінің (DEİK) Қазақстандағы үйлестірушісі Сельчук Юдже, Дүниежүзілік түрік іскерлік кеңесінің (DTİK) Қазақстандағы өкілі Ахмет Будан және бірқатар түрік компаниясының өкілімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстанда бизнес жүргізу мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы қарастырылды.
Роман Скляр Түркияның Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, түрік бизнесі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Бұл технологиялар трансфертіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және еліміздің индустриялық әлеуетінің артуына ықпал етпек.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағытында сындарлы диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірді.
Анықтама:
DEİK (Түркияның Сыртқы экономикалық байланыстар кеңесі) 1985 жылы құрылған. Оның құрамында шамамен 2 мың компания бар. Кеңес аясында 150-ден астам іскерлік кеңес жұмыс істейді. Соның ішінде 1991 жылдан бері Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесіп келе жатқан Түрік-Қазақстан іскерлік кеңесі бар.
DTİK (Дүниежүзілік түрік іскерлік кеңесі) DEİK құрылымында жұмыс істейді. Ол шетелдегі түрік кәсіпкерлері мен Түркияның серіктестерін біріктіріп, жаһандық іскерлік желіні құрайды. Қазақстанда DTİK аясында ірі түрік компаниялары құрылыс, өнеркәсіп, энергетика және қаржы салаларында белсенді қызмет атқаруда.