BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА «АРДАГЕРЛЕР САЯБАҒЫ» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы орта қалыптастыру бағытында Байзақ ауданында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның аясында Суханбаев ауылдық округіне қарасты Жақаш ауылында «Ардагерлер саябағы» пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Аталған демалыс аймағы ауыл кәсіпкерлері, тұрғындар және белсенді жастардың демеушілігімен салынған. Жалпы құны 27 миллион теңгені құрайтын жобаны «Алия» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырған. Саябақ ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қоғамдық орын ретінде жабдықталған.

Саябақ аумағында осы өңірден шыққан батыр Ақәділ Суханбаевтың, ауған және тәжік-ауған соғысына қатысқан жауынгерлер Нүркен Әбдуалиев пен Дастан Нұрматовтың, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақта орнатылған.

Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев ауылдарды көркейту бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, жаңа саябақтың жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар, Суханбаев ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Өзенбай Бейсенбек батырлар рухына тағзым ету – кейінгі буынның парызы екенін жеткізді.

Шара барысында саябақтың ашылу лентасын ауыл ақсақалы Дәурен Қыдырбаев пен Өзенбай Бейсенбек қиып, көпшілікке ақжарма тілектер айтылды. Саябақ ауыл тұрғындары үшін рухани маңызы бар, әрі тәрбиелік мәні жоғары нысан ретінде ел игілігіне берілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *