BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІ БАСШЫЛАРЫНЫҢ VII КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап. Сондай-ақ, Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, елдің кеңеске толық мүше болып қосылуын тарихи шешім деп бағалады.

Президент өз сөзінде өңірдегі ынтымақтастықтың тиімділігін атап өтіп, Орталық Азияның трансформация кезеңінен өтіп жатқанын, жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өткенін айтты. Ол ортақ күш-жігердің арқасында аймақ елдерінің ішкі бірлігі артқанын, халықаралық ынтымақтастыққа кең жол ашылғанын атап өтті. «Ортақ мақсат – өңірдегі тұрақтылықты нығайту, орнықты прогресс жасау және халықтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастыққа тоқталып, өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да салаларда бірлескен кәсіпорындардың көбейгенін, сауда кедергілерінің біртіндеп жойылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі былтыр 11,5 миллиард долларға жеткен, ал 20 миллиард долларға жеткізу үшін қарқынды сақтау қажет.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның бидай, майлы дақылдар, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын дамыту арқылы серіктестік жобаларды іске асыруға дайын екенін айтты. Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу, көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеу, жоғары технологиялық жобаларды іске қосу сияқты перспективті бағыттар да қарастырылды.

Тоқаев өңірлік ынтымақтастықтың сирек кездесетін металдар өндірісі мен өңдеудегі мүмкіндіктеріне, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану арқылы жаңа мүмкіндіктерге назар аударды. Ол Орталық Азия елдерінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы декларация әзірлеуді ұсынды.

Су қауіпсіздігі, мәдени-гуманитарлық байланыстар, тарихи-мәдени мұраны сақтау, туризмді дамыту сынды салалар да кездесудің негізгі тақырыптары болды. Мемлекет басшысы өңірде терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс сияқты сын-қатерлерге қарсы бірлескен шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Кездесуге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысты. Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *