МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz телеграм арнасына сілтеме жасап.
Құжатта жасанды интеллект жүйелерінің қызметін реттейтін негізгі қағидаттар айқындалды. Жасанды интеллект ақпараттандыру нысаны ретінде белгіленіп, адамның нақты міндеттерді орындауына көмектесетін құрал ретінде қарастырылатыны көрсетілген.
Заңда жауапкершілік пен бақылау тетіктері бекітілді. Жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері мен пайдаланушылары атқаратын рөліне сай жауапты болады. Сонымен қатар олар жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге, тәуекелдерді басқаруға және техникалық қолдау көрсетуге міндеттелді.
Құжатта заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық, түсініктілік, адам игілігін басым қою, шешім қабылдаудағы еркіндік, деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік талаптары бекітілген.
Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан аумағында бірқатар жоғары тәуекелге ие жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге және қолдануға тыйым салынды. Оған түпсаналық және манипуляциялық мүмкіндіктері бар, сондай-ақ жеке деректер туралы заңнаманы бұзып деректер жинайтын жүйелер жатады.
Жасанды интеллектіні қолдану арқылы жасалған тауарлар, қызметтер және жұмыстарға арнайы таңбалау талабы енгізілді. Бұл тұтынушылардың ақпараттануын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ құжатта ұлттық жасанды интеллект платформасын құру және дамыту бойынша заңнамалық негіз қалыптастырылған. Платформа шектеулі мерзім ішінде бағдарламалық өнімдер мен жасанды интеллект моделдерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін пайдаланылатын болады.

