«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидаларына ерекше көңіл бөлгені атап өтілді. Қоғамдағы заң мен тәртіп – адамдар арасындағы өзара қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі принциптер болып табылады. Заң – мемлекеттің бекіткен ресми ережелері мен нормаларының жиынтығы, ал тәртіп – осы заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін жүйе, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.
Бүгін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде жазасын өтеуші азаматтарға 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» қағидатын түсіндіру мақсатында жиын өтті.
Кездесу барысында облыстық ҚАЖ департаменті жанындағы қамқоршылық кеңестің төрайымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі П.И.Мамедова қоғамдық тәртіптің сақталуы әр адамның бойында жауапкершілікті арттыратынын атап өтті. Ол заңды құрметтеу, басқалардың құқықтарын бұзбау және өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу тәртіптің негізгі элементтері екенін жеткізді.
Өз кезегінде департаменттің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмысы бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі А.С.Танашева тәртіпті сақтау үшін мемлекеттің құқық қорғау органдары – полиция, сот, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдары жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар ол тәртіпсіз қоғамда заңдардың тиімді жұмыс істей алмайтынын, заңды бұзудың ауыр салдары болатынын ескертті.
Жиын соңында арнайы контингент өкілдері спикерлерге өз сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Кездесу әңгімелесу форматында өтті, қатысушылар заң мен тәртіптің маңыздылығы жөнінде кеңінен ақпарат алды.

