BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банк делегациясымен кездесу өткізді. Басқосуда «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырудың келесі кезеңдері мен тікелей шетелдік инвестицияларды тартуда банктің рөлі талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Дүниежүзілік банк өкілдері қолжетімді несиелеу тетіктерін, қаржыландыру шарттары мен пайыздық мөлшерлемелерін ұсынды. Ал «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2029 жылға дейінгі негізгі салалар бойынша жобалар пулын әзірлеу үстінде. Бұл тізім жан-жақты талдау мен келісу үшін Дүниежүзілік банкке жолданбақ.

Сондай-ақ тараптар сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі уақытта еліміздегі бірнеше ірі су арнасына кешенді талдау жүргізіліп, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін дамыту жөніндегі жол картасы дайындалған. Дүниежүзілік банктің қаржысы гидравликалық жүйелерді орнатуға, су арналарын автоматтандыру мен цифрландыруға бағытталмақ. Алғашқы жобалар Астана, Ақтау, Петропавл, Талдықорған, Сарыағаш, Текелі және Қосшы қалаларында жүзеге асырылуы жоспарланып отыр.

Алдағы кезеңде мелиорация жүйелерін, сондай-ақ жылу және энергетикалық желілерді жаңғырту бойынша қосымша екі жол картасын әзірлеу көзделген.

Кездесу соңында Қанат Бозымбаев еліміздің стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарын жаңғырту ісіне белсенді қатысуға дайындық танытқаны үшін Дүниежүзілік банк тобына алғыс білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *