ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ ДОНАЛЬД ТРАМППЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Ақ үйде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп арасында келіссөздер өтті, деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік қызметінің тарихи маңыздылығына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ-тың әлемдік жетекші экономикалық, саяси және технологиялық держава ретіндегі орнын нығайтып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Америка көшбасшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Келіссөздер кезінде Қазақстан тарапы АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын білдірді. Мемлекет басшысы, соның ішінде, Орта дәлізді дамытуға серпін беретін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бастамасына ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы және кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Сапар аясында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Тараптар екіжақты ықпалдастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін айқындады.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
