ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ал ресейлік делегацияны Үкімет төрағасының орынбасары Алексей Оверчук басқарды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар көлік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қыркүйек айында Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың іске қосылуына және Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша транзиттік тасымалдың артуына байланысты теміржол қатынасын дамыту перспективалары қаралды. Сондай-ақ тараптар Қазақстан-Ресей өткізу пункттері арқылы өтетін жүктердің көлемін бірлесіп бағалау және «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстандық тарап Ресейдің 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген көші-қон заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қазақстандық автотасымалдаушылардың мәселесін көтерді. Ресей жағы халықаралық тасымал жүргізушілерінің Ресей аумағында болу мерзімін бұрынғыдай 180 күнге дейін ұзарту жөніндегі мәселені шешуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, отырыста агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімді, сапасы арттырылған жаңа сорттарын бірлесіп әзірлеу және ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларының өзара сауда көлемін кеңейтуге келісті.
Ресей тарапы Қазақстаннан зығыр мен жасымық тұқымын әкелуге қатысты фитосанитарлық шектеулерді алып тастау және астық пен бұршақ дақылдарының Ресей аумағы арқылы транзитін қамтамасыз етуге дайын екенін айтты.
Сондай-ақ отын-энергетика, қаржы, мұнай-газ, өнеркәсіп, атом энергетикасы, стандарттау және метрология, туризм, білім беру, байланыс және ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық бағыттары қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысының хаттамасына қол қойды. Келесі отырыс 2026 жылы Омбы қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.

