BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ҚҰРАМДА КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Анкарада кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде екіжақты қарым-қатынасты нығайту, сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту және бірқатар маңызды саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz».

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Республика күні қарсаңында өтіп жатқан кездесудің символдық мәніне тоқталып, Режеп Тайип Ердоғанды және түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады. Мемлекет басшысы Түркияның саяси-экономикалық тұрғыдан жаңғырып, халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанын атап өтті.

– Сіздің парасатты басшылығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан жылға арта түсуде. Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың маңызына тоқталып, қазақ-түрік ынтымақтастығының тарихи негізі берік екенін айтты.

–  Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары жемісті болғанын атап өтті. Сапар аясында екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Президенттің айтуынша, екіжақты қарым-қатынас мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

–  Серіктестігімізді одан әрі дамыту бәріміздің мүддемізге сай келеді. Ертең Өзіңізбен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысамыз. Жақын арада Анталияда COP31 климаттық форумы өтеді. Мен осы беделді басқосуға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі екіжақты және көпжақты байланысымызды дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты және бауырлас қазақ халқын Республика күнімен құттықтады. Түркия басшысы Анкарада қазақ мемлекеттілігінің тарихына арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өткенін, сондай-ақ «Наурыз – түркі әлемінің ортақ мұрасы» атты еңбектің қазақ тіліне аударылғанын атап өтті.

Түркия Президенті биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойылған маңызды құжаттардың мәніне тоқталып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нақты істермен нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

–  Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз, – деді Режеп Тайип Ердоған.

Келіссөз барысында екі елдің басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *