ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 3 ТУРИСТІК НЫСАНҒА АПАРАТЫН 35 ШАҚЫРЫМ АВТОЖОЛ САЛЫНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында туризм саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
«Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болуы тиіс. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық брендіне айналады», – деп атап өткен болатын.
Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Жергілікті бюджет есебінен 1 млрд 186 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 34,8 шақырым болатын автожол құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде «Koksai resort» (19,5 шқ), «Таскөл» (2,8 шқ) және «Алмалы» (12,5 шқ) демалыс орындарына апаратын жолдар толықтай салынып, туристердің қауіпсіз әрі жайлы жетуіне мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде өңірге келуші қонақтар санын арттыруға ықпал етуде.
2024 жылы Жамбыл облысына 199 мыңнан астам турист келген. Олардың басым бөлігі Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келген шетелдік азаматтар. Биылғы жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша өңірге келген туристер саны 99 852 адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға өскен.
Соңғы екі жылда туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 1,8 млрд теңгеден 3,6 млрд теңгеге дейін артқан.
Жамбыл облысы – тарихи және мәдени мұраға бай аймақ. Мұнда 3 510 тарихи ескерткіш орналасқан. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Баласағұн, Құлан, Өрнек, Костөбе қалашықтары мен «Ақыртас» кешені өңірдің туристік әлеуетін арттырып отыр. Сонымен қатар облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашық және 30-дан астам шатқал бар.
Қазіргі таңда өңірде 224 туристік орналастыру орны, 395 тамақтану нысаны, 7 шипажай, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Сондай-ақ 19 туристік компания мен 25 көлік қызметін ұсынушы субъектілер өз қызметін көрсетіп келеді.
Бүгінде облыстағы негізгі 45 туристік нысан бойынша 10 бағыттан тұратын туристік маршруттар әзірленген.
Соңғы жылдары кәсіпкерлердің туризм саласындағы инвестициялық белсенділігі де артып келеді. Жалпы құны 27,3 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 430 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы үш ірі туристік нысан – Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараз қаласындағы «Зербұлақ» аквапаркі іске қосылды.
Биыл жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын 10 туристік нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл жобалар облысқа қосымша 170 мың турист тартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 9 жоба іске қосылды. Олардың қатарында Тараз қаласындағы тарихи кешен, этно-мейрамхана және аквапарк, Байзақ пен Жамбыл аудандарындағы жол бойындағы сервис кешендері, Шу ауданындағы демалыс аймағы, Талас ауданындағы мұз айдыны мен Т. Рысқұлов ауданындағы этноауыл бар.
Жыл соңына дейін Шу ауданында тағы бір жол бойындағы сервис кешенін ашу жоспарлануда.

