BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен елімізге ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар екіжақты тауар айналымын ұлғайту, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық индустрия және жасанды интеллект салаларында, сондай-ақ көлік және логистика, денсаулық сақтау, туризм бағыттарында ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін қарастырды.

Олжас Бектенов елдер арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, екіжақты байланыстардың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың саяси ерік-жігерінің арқасында тұрақты дамып келе жатқанын айтты. Үкімет сауда-экономикалық және басқа да салалардағы серіктестікті өзара тиімді негізде дамытуға дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Александр Турчин Қазақстанды Беларусь үшін маңызды экономикалық серіктес деп атап өтті. Ол екі ел арасындағы диалогты кеңейту мен жаңа мазмұнмен толықтырудың маңыздылығын айтты.

Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны және бірлескен жобаларды дамытуға, цифрлық салада жасанды интеллект элементтерін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға, ауыл шаруашылығында қайта өңдеу мен өндіріске бағытталған жобаларды қолдауға келісті. Аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілді.

Көлік және логистика бағытында өзара іс-қимылды нығайту қажеттілігі атап өтілді. Бұл екі ел арасындағы теміржол және автомобиль тасымалдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өңіраралық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері де талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды:

  • Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрлігі арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік кооперация саласындағы жол картасы;
  • Астана қаласы әкімдігі мен Минск қалалық атқару комитеті арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы жол картасы;
  • Алматы облысы әкімдігі мен Витебск облыстық атқару комитеті арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы меморандум.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *