BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІШКІ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ, ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ МЕН БАҒЫТТАРЫ БЕКІТІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агенттігі, akorda.kz телеграм арнасына сілтеме жасап.

Бұл құжат еліміздің ішкі саясат саласындағы негізгі ұстанымдар мен бағыттарды жүйелеуге бағытталған. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері ішкі саясатты реттейтін бірыңғай тұжырымдамалық құжат әзірлеуді ұсынған болатын. Президент бұл бастаманы қолдап, оның мемлекеттік құрылымдардың жұмысын жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Құжат Президент Әкімшілігі мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен дайындалды. Онда Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларындағы негізгі басымдықтар мен 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары ескерілген.

Тұжырымдаманы әзірлеуге Ұлттық құрылтай мүшелері, сарапшылар мен ғылыми және қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысты. Құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын үйлестіру және тиімділігін арттыру.

Онда «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді қағидаттар айқындалған. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда көтерілген жалпыұлттық құндылықтар мен ұлттық нышандар жүйесі енгізілген.

Құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынастар, дін, мәдени-гуманитарлық даму, отбасы, жастар және ақпарат салалары ішкі саясаттың басым бағыттары ретінде белгіленді. Бұл тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы іс-қимылын ұйымдастыруға негіз болмақ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *