BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖІӨ ӨСІМІ – 6,3%: ҮКІМЕТ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ҚАРҚЫНЫН АРТТЫРУ МІНДЕТТЕРІН АЙҚЫНДАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі Мәди Такиев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндама жасады. Сонымен қатар Абай, Ұлытау және Атырау облыстарының әкімдері тыңдалды.

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 6,3 пайызға өсті. Ол экономиканың орнықты дамуы үшін өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік сияқты негізгі салаларда өсу қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі жағдай басты назарда болуға тиіс екенін айтты.

Жиын барысында барлық өңірлерге жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қолда бар резервтерді тиімді пайдалану тапсырылды. Үкімет басшысы әкімдерге барлық саладағы ахуалды қатаң бақылауда ұстап, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша 11 өңірде оң динамика байқалады. Артта қалған аймақтарға жағдайды түзету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бектенов экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында мемлекет пен бизнестің бірлескен іс-қимылы қажет екенін айтты. Инфляциялық қысымды төмендету мақсатында тұтыну бағаларын тұрақтандыру жұмыстары күшейтіледі.

Премьер-министр тұтынушылық несиелеу саласында ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту және тарифтік саясатты ұстамды жүргізу қажет екенін атап өтті. Халық үшін коммуналдық тарифтер жыл соңына дейін өзгеріссіз қалады.

Сондай-ақ отырыста мұнай және газ өндіру, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы көрсеткіштер талқыланды. Энергетика министрлігіне Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, ал Көлік министрлігіне негізгі инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы іске асыру тапсырылды.

Инвестиция тарту жоспары тоғыз айда 93,3 пайызға орындалды. Үкімет басшысы әрбір жобаның іске асырылуын жеке бақылауға алуды және инвестициялық тетіктерді тиімді пайдалануды тапсырды.

Ауыл шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру мен агротехнологияларды қолдану есебінен өсім байқалды. Әкімдіктер мен салалық министрліктерге өнімді сақтау және өткізу ісінде үйлесімді жұмыс істеу қажеттігі ескертілді.

Премьер-министр қорытындысында мемлекеттік органдар, әкімдіктер және бизнес қауымдастық бар күш-жігерін елдің тұрақты экономикалық дамуына бағыттауы тиіс екенін атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *