МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ЕРЛАН ҚОШАНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Кездесуде Палатаның ағымдағы қызметі мен заң шығару жұмыстарының барысы талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерлан Қошанов Президентке Мәжілістің негізгі міндеті — Жолдауда және елдің даму стратегиясында айқындалған басым бағыттарды сапалы әрі уақтылы заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Мәжіліс қарауында тағы 77 заң жобасы бар. Жыл соңына дейін Құрылыс және Цифрлық кодекстер, сондай-ақ «Банк қызметі туралы» заңды қабылдау жоспарлануда. Бұдан бөлек, сайлау, тұтынушылар құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу салалары бойынша заң жобалары қаралып жатыр.
Депутаттар жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған түзетулер әзірлеп, креативті индустрияны, ғылыми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және бағбандық шаруашылық серіктестіктерді мемлекеттік қолдау бойынша бастамалар көтеруде.
Мәжілістің заң шығару қызметі ашық форматта, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен жүргізіліп келеді. Барлық партиялық фракциялар өз электоратының сұранысына сай ұсыныстар енгізіп отыр. Маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында талқылануда.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов депутаттардың Мемлекет басшысының жасанды интеллект саласына қатысты бастамаларын іске асыруға белсенді қатысып жатқанын айтты. Қыркүйек айының соңында Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдап, Сенатқа жолдаған. Осы тақырып аясында отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткен.
Сонымен қатар депутаттар мен Энергетика министрлігінің бастамасымен Ақтауда мұнай-газ саласында машина жасау ісін дамыту жөніндегі форум ұйымдастырылды. Форум нәтижесінде мұнай-газ секторындағы сатып алуларда қазақстандық үлесті арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы парламенттік дипломатия саласында атқарылып жатқан шаралар жөнінде де баяндады. Елімізге Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралы мен Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағалары ресми сапармен келді. Бірқатар елдердің парламенттерімен достық топтары белсенді жұмыс істеп, заң шығару тәжірибесімен алмасу және мемлекетаралық жобаларды қолдау бағытында ынтымақтастық орнаған. Депутаттар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және өзге де ұйымдар аясында нәтижелі қызмет атқарып келеді.