BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ЛУКОЙЛ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы қызметіне 30 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шараға қатысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде «Лукойл» компаниясын елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан беделді кәсіпорындардың бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы 1995 жылы Қазақстанға алғаш келген компанияның еліміздегі абыройы жоғары екенін және бұл жетістік табанды еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ «Лукойл» Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, компания қызметі «Құмкөл» жобасынан бастау алып, ширек ғасырдан астам уақытта 12 миллиард доллардан астам инвестиция салып, 94 миллион тонна мұнай мен 60 миллиард текше метр газ өндірген. Сонымен қатар, «Лукойл» әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық бағытында 300 миллион долларға жуық қаржы жұмсаған.

Президент бұл жетістіктердің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылып, озық технологиялар енгізілгенін, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосылғанын атап өтті. Оның айтуынша, компанияның қатысуымен Теңіз кен орнындағы кеңейту жобасы табысты аяқталған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий қайраңындағы «Қаламқас теңіз» және «Хазар» жобаларының стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Бұл жобаларға 6 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция салу және екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жобадағы қазақстандық үлесті арттыру мақсатында Маңғыстау облысының кеме жасау және жөндеу өндірісі тартылған.

Президенттің сөзінше, компания Қарашығанақ кен орнында тиімді жұмысын жалғастырып, Каспий құбыр консорциумын дамытуға да белсенді атсалысуда. Бұл бағыт арқылы Қазақстан мұнайы ондаған мемлекетке жеткізіліп, еліміздің жаһандық энергетика нарығындағы рөлі артып келеді.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Алматы облысында іске қосылған жағармай зауытын ынтымақтастық тарихындағы маңызды кезең деп атады. Бұл – еліміздегі халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын алғашқы кәсіпорын.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясының әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде ұстанып, адам капиталын дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Мыңдаған қазақстандық жаңа білім алып, заманауи технологияларды меңгеріп, кәсіби шеберлігін арттырған. Президент олардың еңбексүйгіштігі мен кәсіби адалдығын жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы мұнай-газ секторының Қазақстан экономикасындағы маңызын ерекше атап өтіп, алдағы уақытта геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында бірлескен жобаларды дамыту қажеттігін айтты.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық әлеуетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Вагит Алекперовті І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Сонымен қатар, «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы бірқатар қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *