BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қызыл-Абад» тұрғын алқабында өткен ағаш отырғызу шарасына қатысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ түрлі кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысты. Акция барысында 10 мыңнан астам қарағаш көшеті отырғызылды.

Жалпыұлттық экологиялық бастама аясында облыстың барлық елді мекендерінде бүгін шамамен 28 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған. Көктемгі кезеңде өңірде 286,9 мың көшет егілсе, күзгі маусымда қосымша 108,7 мың жасыл желек отырғызу көзделген.

Сонымен қатар, облыс әкімі Тараз қаласындағы «Жансая» шағынауданында өткен санитарлық тазалық шараларының барысымен танысып, тұрғындардың белсенділігіне ризашылығын білдірді. Ербол Қарашөкеев қала әкімдігіне экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жаңадан орнатылған қоқыс алаңдарына бейнебақылау жүйесін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру және санитарлық тазалау бағытында сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі көгалдандыру және тазалық шараларына 61 мыңға жуық тұрғын қатысып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *