JAŃALYQTARQOǴAMTARAZ 24 ONLINE kzАймақ

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

Жамбыл облысында жылыту маусымы сәтті аяқталып, жаңа маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен аппараттық жиында айтылды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен маусымда 1,1 млн гигакалория жылу өндіріліп, 2 000-ға жуық әлеуметтік нысан мен 1 500-ден астам көпқабатты үйге үздіксіз жылу берілді. Мамандардың мәліметінше, жылу көздерінде температуралық кесте сақталып, тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет тұрақты бақылау жүргізген. Отын тапшылығы тіркелмеген. 61,3 мың тонна қара отын қазандықтарға, ал 144,8 мың тонна көмір тұрғындарға жеткізілген.

Алдағы жылыту маусымына 616 автономды қазандық, 1 831 көпқабатты тұрғын үй мен 1 767 әлеуметтік нысан дайындалып жатыр. Облыс бойынша 350,7 шақырым жылу желісі бар, оның тозу деңгейі 54 пайызды құрайды. Биыл 10,3 шақырым жылу желісін жөндеуге 3,3 млрд теңге қарастырылған, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Еркін Алтишев.

Сонымен қатар, тұрғындар мен заңды тұлғалардың жылу мен ыстық суға төленбеген қарыздары 383 млн теңгеден асқан. Энергетика кешендерінің ағымдағы кредиторлық берешегі 2,6 млрд теңгеге жеткен. Осыған байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аппараттық кеңесте сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 Құрметті әріптестер! Өткен жылғы жылыту маусымы тұрақты жағдайда өтті. Алдағы кезеңге дайындық аясында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы ретте Қанатбек Қайшыбекұлы және энергетика, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, мәдениет, спорт басқармалары мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктері жылыту маусымына дайындықты толық көлемде қамтамасыз етсін, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық үшін бюджеттен 18,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа энергоблоктар мен қазандықтарды күрделі жөндеу, жылу магистралдарын қайта жаңғырту, сондай-ақ Тараз, Шу, Қаратау және Жаңатас қалаларында 10 шақырымнан астам жылу желілерін ауыстыру жоспарланған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *