ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА АВТОМОБИЛЬДІК ГАЗ ТОЛТЫРАТЫН КОМПРЕССОРЛЫҚ СТАНЦИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Тараз қаласында автомобильдік газ толтыратын компрессорлық станция іске қосылды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Салтанатты шараға қала басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, нысанның қала экологиясы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Жобаны «QazMetanPro» ЖШС жүзеге асырған және ол еліміздің көлік секторын экологиялық тұрғыдан жақсартуға, газмоторлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық бастама болып табылады.
Станция тәулігіне 500 көлікті газбен қамтамасыз ете алады. Оған жүк, жолаушы және транзиттік көліктер, соның ішінде Қытай, Ресей, Өзбекстан бағытындағы маршруттар кіреді. Сонымен қатар, станция 50 жаңа жұмыс орнын ашуға, табиғи газды мотор отыны ретінде кеңінен пайдалануға және транзиттік жолдағы қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Келер жылы жобаның жалғасы ретінде 50 газмоторлық қоғамдық көлікті сатып алу және жаңа автобустар паркін құру жоспарлануда.
Айта кетейік, 2023–2024 жылдары Тараз қаласында жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 395 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл логистика саласында «Югай Юг Такси» электрлі таксиін іске қосу және электр станциясын орнату жобасы жүзеге асырылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 29 млрд теңгеге тағы 9 жобаны іске асыру көзделуде.

