ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ МӘДЕНИ-ГУМАНИТАРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА
Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі қосалқы комиссияның төртінші отырысы өтті. Іс-шараға екі елдің мәдениет министрлері – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова төрағалық етті. Жиынға қос мемлекеттен келген делегациялар қатысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, ҚР мәдениет және ақпарат министірлігінің сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар мәдениет және гуманитарлық саладағы әріптестікті кеңейту, бірлескен жобаларды дамыту бағыттарын талқылады. Аида Балаева өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өтті.
– Біз әріптестермен бірлесе жүзеге асырып жатқан жобалар екі елдің мәдениет саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді, – деді министр.
Өз кезегінде Ольга Любимова алдағы жоспарлар мен жаңа бастамалар туралы айтты.
– Бізді үлкен жоспарлар күтіп тұр. Олардың жүзеге асуы елдеріміздің мәдениет саласындағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтады деп сенемін. Бүгінгі отырысқа негізгі бағыттар бойынша жауапты мамандар мен Ресейдің жетекші мәдениет ұйымдарының өкілдері қатысып отыр. Кинематография, кітапхана ісі және мәдениет саласындағы білім беру мәселелерін талқылау жоспарланған, – деді ол.
Кездесу қорытындысында екі елдің мәдениет мекемелері бірлескен жұмыстардың аралық нәтижелерін ұсынып, жаңа бағыттарды айқындады. Сонымен қатар, кинематография, музей ісі мен мәдениет саласы мамандарын даярлау бойынша ықтимал жобалар қаралды.
Отырыстың аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ресейдің Театр өнері институты (ГИТИС) арасында ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру жөніндегі жол картасына қол қойылды. Құжат актерлік шеберлік, сахналық сөз, хореография, театр менеджменті және продюсерлік бағыттар бойынша бірлескен бастамаларды қамтиды.
Сондай-ақ Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері бастау алды. Осыған орай Аида Балаева Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимоваға іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.