BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның төрағалығымен өтіп жатқан Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының екінші отырысына қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру және өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады. Сондай-ақ бұл мәселелер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында көтерілген бастамалар аясында қарастырылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде ХАҚҚ-қа мүше мемлекеттердің энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы вегетациялық кезең күрделі болғанына қарамастан, үкіметтердің үйлесімді іс-қимылы арқасында Арал теңізі бассейнінде тұрақты су режимін сақтау мүмкін болды.

«Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар, біз оны қашан да қорғауға міндеттіміз. Бірақ біздің ортақ стратегиялық, ұзақмерзімді басым мақсатымыз – тату көршілік қарым-қатынас. Күнделікті, қысқамерзімді міндеттерді шешуде біз ұзақмерзімді басымдықтарға нұқсан келтірмеуіміз керек. Мәселелерді әрқашан өзара тиімді әрі қолайлы негізде шешу үшін бірлескен шаралар қабылдайтынымызға сенімдімін», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Қазақстанның төрағалығы кезеңінде негізгі бағыттардың бірі – цифрлық трансформация мен су саласында жасанды интеллектіні қолдану болмақ. Бұл тәсіл суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлу бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізудің маңызы атап өтілді.

Кездесу барысында Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев және Түрікменстанның ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев сөз сөйледі.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ашықтық, ынтымақтастық және сындарлы диалог қағидаттарын ұстанатынын нақтылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *