BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы Ботаникалық саябақта өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысып, ерікті және белсенді жастармен бірге ағаш отырғызды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара аясында биыл республика көлемінде 2,4 миллионға жуық көшет егілген.

Мемлекет басшысы Jasyl El ұйымының белсенділерімен әңгімелесіп, олардың қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып жүргені үшін алғыс білдірді.
– Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан Сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. Jasyl El ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар Сіздерден үлгі алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
        

Мемлекет басшысы кейін «Нұра» ауданындағы Greenline бульварына барып, аумағы 3,8 гектарды құрайтын нысандағы абаттандыру жұмыстарының бірінші кезеңімен танысты. Мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдар, сәулеттік қалыптар және жасанды тоғандар салынған.

Президентке Астана қаласының абаттандыру жұмыстары туралы баяндалды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елордада қазіргі таңда 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылуда. Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтарында және қаланың негізгі көшелерінде жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру тұжырымдамасы әзірленіп, Есіл өзенінің жағалауын қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуға жақын екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *