ҚАЗАҚСТАНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУДІҢ ПРОАКТИВТІ САЯСАТЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ұлттық экономика министрлігі жанындағы сараптамалық кеңестің отырысында Қазақстанның экономикалық өсуінің жаңа проактивті саясаты талқыланды. Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есеге ұлғайтып, көлемін 450 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтың айтуынша, жаңа саясат мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл моделін өзгертуді көздейді. Яғни мемлекет енді тек сүйемелдеуші емес, салалар мен жобаларды ұйымдастыру процесіне белсенді қатысушы болмақ. «Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты қарқынды дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет экономикалық өсудің стратегиялық бағыттарын алдын ала анықтауға қатысуы қажет», – деді ол.
Министрлік дерегінше, 2029 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 2024 жылғы 41 млрд доллардан 103 млрд долларға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осы кезеңде инвестицияның ЖІӨ-дегі үлесі 14%-дан 23%-ға дейін ұлғаюы тиіс. Жалпы, 2025–2029 жылдары экономикаға шамамен 400 млрд доллар инвестиция тарту көзделген.
Проактивті саясат аясында мемлекеттік құрылымдар экспортқа бағытталған жобаларды тек қолдаумен шектелмей, олардың құрылымдалуы мен қаржыландырылуына тікелей қатыспақ. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингіне кіретін даму институттары негізгі рөл атқарады. Арман Қасеновтың айтуынша, мемлекет бизнестің орнын алмастырмайды, керісінше, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істейді.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзіне қарағанда, жаңа модельдің өзегінде елдік деңгейдегі басым жобаларды анықтайтын және сүйемелдейтін Investment Board құрылымы болады.
«Біз ірі жобаларды сараптап, тиімді бағыттарды айқындайтын жоғары құзыретті инвестициялық орган құруды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Кеңеске қатысқан сарапшылар экономикалық өсудің жаңа саясатына қатысты бірқатар ұсыныс білдірді. Олар саясаттың бұрынғыдан айырмашылығын, жаңа өндірістердің локализация деңгейін, қаражатты бөлу арналары мен инфляциялық тәуекелдерді талқылады.
ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Эльдар Шамсутдинов жиында экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері бойынша қызу пікірталас өрбігенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі мәселе – несиелендіру жүйесін кім және қандай жолмен жүзеге асыратынында.
Ал Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов жаңа саясаттың ел экономикасының заманауи сын-қатерлеріне жауап беретінін және басты назардың ішкі инвестициялық әлеуетке аударылатынын айтты. «ЖІӨ-ні 450 млрд долларға жеткізу үшін инвестиция тарту көлемін арттыру қажет. Бұл тұрғыда мемлекеттің белсенді рөлі уақыт талабына сай шешім болып отыр», – деді ол.
Сарапшының пікірінше, мемлекет бастамашы болатын жобалар ашық әрі түсінікті экономикалық модельге сүйенуі тиіс. Бұл жеке және шетелдік капиталды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа саясат жеке сектор мен банк жүйесінің рөлін де нақты айқындауы қажет.
Ғалым Құсайыновтың айтуынша, мемлекеттік және нарықтық құралдарды тиімді үйлестіру Қазақстанға шамадан тыс инфляцияны болдырмай, экономикалық өсудің сапалы жаңа деңгейіне шығуға жол ашады.