BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ЭНЕРГЕТИКА ФОРУМЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҮНДЕУІН ОҚЫДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державаларға назар аудару» тақырыбында өткен Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумының пленарлық отырысына қатысты. Форум аясында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арналған Үндеуін оқып берді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Форумға әлемнің 50-ден астам елінен 300-ден аса компания өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, ірі мұнай-газ корпорацияларының жетекшілері мен энергетика министрлері қатысты.

Президенттің Үндеуінде энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, халықаралық әріптестік аясын кеңейту және салаға инвестиция тарту мәселелері қамтылды. «Қазақстан жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде БҰҰ, ШЫҰ, МАГАТЭ және ОПЕК секілді ұйымдармен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі», – делінген Үндеуде.

Өз сөзінде Премьер-министр елімізде іске асырылып жатқан ірі энергетикалық жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты пайдалануға берілді, жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жоба қолға алынған. Сонымен қатар бутадиен, карбамид өндіру және жалпы құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын алты ірі жоба 2030 жылға дейін жүзеге асырылмақ.

Мұнай өңдеу саласын дамыту бойынша да ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 12 млн тоннаға дейін арттырылады. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынып, Қашаған, Жаңаөзен және Теңіз кен орындарында газ өңдеу жобалары іске асырылуда.

Сонымен қатар халықаралық серіктестермен бірге 4 ГВт-тан астам жаңартылатын энергия көздері жобасы жүзеге асырылып, қуаты 1 ГВт болатын үш жаңа көмір электр станциясының құрылысы басталды. Энергетика саласында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған.

Пленарлық отырыс барысында халықаралық ұйымдар өкілдері де пікір білдірді. ОПЕК Бас хатшысы Хайтам әл-Гайс мұнай-газ саласына инвестицияны ұлғайтудың маңызын айтты. IRENA басшысы Франческо Ла Камера Орталық Азиядағы «жасыл» энергетика саласында ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті. Ал Халықаралық энергетикалық форумның Бас хатшысы Джассим Альширави Қазақстанды ұйымның ресми мүшесі болуға шақырды.

Форум жұмысы жалғасуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *