МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭЛЕКТР БАЙЛАНЫСЫ ОДАҒЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Халықаралық электр байланысы одағы арасындағы цифрлық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың даму перспективалары талқыланды. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дорин Богдан-Мартинді ұйымның 160 жылдық мерейтойымен құттықтап, Халықаралық электр байланысы одағының цифрлық технологиялар саласындағы жаһандық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Президент заманауи цифрлық экожүйе мен дамыған инфрақұрылым қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның OneWeb, Starlink, Amazon Kuiper және Shanghai Spacecom Satellite Technology сияқты төмен орбиталы жер серіктері жүйесі жобаларына белсенді қатысып жатқанын айтты.
Өз кезегінде Дорин Богдан-Мартин еліміздің цифрлық индустрияны дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы бастамаларына жоғары баға беріп, Халықаралық электр байланысы одағының Қазақстанмен серіктестікті одан әрі тереңдетуге және бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.