BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналған отырысы өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.

Президент энергетикалық қауіпсіздік ел тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда электр қуатын өндіруге қажетті ресурстар жеткілікті, алайда сұраныстың тұрақты өсуі энергия көздерін тиімді әрі ұтымды пайдалануды талап етеді.

Кеңес барысында электр энергиясын қажеттілікке қарай икемдеп өндіру мәселесі қаралды. Атап айтқанда, газ генерациясын дамыту, энергия сақтау жүйелерін енгізу жоспарлары және гидроэнергетиканың әлеуетін пайдалану мәселелері өзекті екені айтылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аграрлық секторда, өнеркәсіп пен экономиканың өзге де салаларында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталды. Саланың ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін нығайту, кәсіби мамандар даярлау және гидроэнергетика бағытындағы ғылыми-зерттеу базасын дамыту қажеттігі де атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және өңір әкімдеріне отандық энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерді жан-жақты шешу тапсырылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *