ОЛЖАС БЕКТЕНОВ МИНСКІДЕ ӨТКЕН «ИННОПРОМ.БЕЛАРУСЬ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Минскіде өткен «ИННОПРОМ.БЕЛАРУСЬ» халықаралық өнеркәсіп көрмесіне қатысып, «Жаңа технологиялар одағы: болашақ өнеркәсіпті құру» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйледі, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Пленарлық отырысқа Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Иран өнеркәсіп, шахта және сауда министрі Атабек Сейед Мохаммад қатысты.
Олжас Бектенов өз сөзінде Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты инновациялық және цифрлық экономиканы дамытуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтары, сенімді байланыс арналарын қамтитын заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптасып келеді. Үкімет жанынан арнайы Цифрлық штаб құрылған.
Сондай-ақ Премьер-министр өңдеу өнеркәсібінде цифрлық шешімдерді енгізу қарқынды жүріп жатқанын, соңғы жылдары инновацияны пайдаланатын компаниялар саны 3,5 есе артқанын жеткізді. Тау-кен металлургия, мұнай-газ, машина жасау салаларында пилотсыз технологиялар, роботтандыру, цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдары енгізілуде.
Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымы құрылып, Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылған. Сонымен бірге Alatau City жаңа қаласында инновациялық экожүйе дамытылып, кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Премьер-министр Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және шетелдік инвестиция тартуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі қолдау шаралары шикізаттан бастап дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезеңді қамтиды.
Көрме аясында делегация мүшелері Қазақстан павильонымен танысты. Мұнда машина жасау, химия, құрылыс салаларындағы 20-дан астам кәсіпорынның өнімдері, сондай-ақ Назарбаев университетінің өнеркәсіптік цифрландыруға арналған стартаптары ұсынылды.
Айта кетейік, «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіп көрмесі 15 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қатысушы елдердің географиясы бүгінде 60 мемлекетке жетіп, көрмеге қатысатын кәсіпорындар саны мыңнан асты.