BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН МЕН ИТАЛИЯ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелла келіссөздерден кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді әрі стратегиялық серіктесі болып табылады. Президент екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Былтырғы тауар айналымы 20 миллиард АҚШ долларына жетсе, биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 11,3 миллиард долларды құраған. Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табысты жұмыс істеуде, ал 2005 жылдан бері Италиядан тартылған инвестиция көлемі 7,6 миллиард доллардан асқан.

Кездесу барысында мемлекет басшылары энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі және көлік-логистика бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану саласында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Президент Тоқаев келіссөздер аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше назар аударылғанын айтты. Астанадағы көшелердің біріне әйгілі саяхатшы Марко Полоның есімі берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өтпек, ал Неапольдегі Сан Карло театрында «Абай» операсы қойылады. Римде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылатыны белгілі болды.

Білім саласы бойынша да екіжақты ынтымақтастық жалғасуда. Қазіргі таңда төрт мыңнан астам қазақстандық студент Италия жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Марке политехникалық университетінің филиалы ашылды.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, қақтығыстарды тек бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан мен Италия Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қазақстанға арнайы келуінің екі ел арасындағы достықты бекемдей түсуге бағытталғанын айтты. Италия басшысының пікірінше, мәдени және тарихи дәстүрлердің ортақтығы гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге берік негіз қалайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *