BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ МИНСКІДЕ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Минск қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың төрағалығымен өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері мен Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) басшыларының ұжымдық кездесуіне, сондай-ақ шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында өзара сауда мен экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері талқыланды.

ЕҮАК жұмысына Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения вице-премьері Мгер Григорян (бейнебайланыс арқылы), сондай-ақ Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Иран өнеркәсіп министрі Сейед Мохаммад Табак, Куба өнеркәсіп министрі Элой Альварес Мартинес және Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов қатысты. Жиында ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев те болды.

Шағын құрамдағы отырыста қаңтар айында қабылданған тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Кеңейтілген құрамда ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін, көлік инфрақұрылымын дамыту және өзге де бағыттар талқыланды.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов экономикалық үдерістерді тереңдетудің, көлік-транзиттік және цифрлық салалардағы әлеуетті арттырудың маңызын атап өтті. Ол ЕАЭО елдерінің азық-түлік қауіпсіздігіне, агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Премьер-министр цифрлық технологияларды енгізу мен жасанды интеллектті дамыту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын ашуды жоспарлап отыр, бұл аймақтағы цифрлық экономиканың дамуына серпін бермек.

Отырыс қорытындысында бірқатар құжатқа қол қойылып, өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кооперацияны дамыту, цифрлық ынтымақтастықты кеңейту және ЕАЭО елдерінің экономикалық орнықтылығын арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 2025 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өтеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *