ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 39 ЖАСӨСПІРІМ ЖҮКТІ БОЛҒАН
Жамбыл облысында жыл басынан бері 39 жасөспірімнің ерте жүктілігі тіркелген. Мамандар мұны репродуктивті сауаттың төмендігімен және отбасының әлеуметтік жағдайымен байланыстырады. Статистика бойынша өңір республикадағы алғашқы үштіктің қатарында – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мамандардың айтуынша, жастардың медициналық сауатын арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар тек медициналық ұйымдармен шектелмеуі керек. Бұл бағытта білім беру саласы, жастар саясаты және ата-аналар қауымдастығы да бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Осы мақсатта өңірде 3 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілген.
Алайда Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің сөзінше, жастардың жыныстық сауаттылығы әлі де төмен.
– Жастар денсаулығы орталығына қыз балалардың жүгінуі жоғары болғанымен, ер балалар мен жас жігіттерді профилактикалық медициналық қызметтермен қамтуды арттыру қажет. Осыған байланысты гинеколог, уролог, психолог қызметтерін жастар арасында кеңінен насихаттау ұсынылады, – деді Сержан Назарбек.
Бұдан бөлек, аймақта жыл сайын жасөспірімдерге скрининг жүргізіліп, дәрістер оқылады. Ата-аналармен де кездесулер ұйымдастырылады. Десе де, ерте жүктілік көрсеткіші азаймай отыр. Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстары бұл көрсеткіш бойынша алғашқы үштікте.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, денсаулықты нығайту және қауіптің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ жастар орталықтарының тиімділігіне тұрақты мониторинг жүргізіп, жастарды қамту бойынша нақты өзгерістер енгізуді тапсырды.
Сала мамандарының пікірінше, жасөспірімдердің денсаулығы – тек медициналық көрсеткіш емес, өңірдің болашақ демографиялық және әлеуметтік әлеуетіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан басты ерте жүктілікке, репродуктивтік және психологиялық проблемаларға алып келетін қауіп факторларын алдын ала анықтап, жасөспірімге дер кезінде кешенді көмек көрсету басты міндет ретінде аталды.
Автор: Махаббат Құсайын

