BASTY BETJAŃALYQTARQOǴAM

ТАРАЗДА ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Таразда қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесі жаңа форматта өтті. Кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, есірткі және интернет-алаяқтықпен күрес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

«Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асыруға арналған жиынға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары және кәсіпкерлер қатысты. Кеңес барысында бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға әлеуметтік желілер арқылы ескерту жолдау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жаңа тәсілдер ұсынылды. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров өңірде қылмыс деңгейінің төмендегенін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта ауылдық елді мекендерде де жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

Тұрғындардың жүйелі проблемалық мәселелерін шешу, құқықтық көмек көрсету, қайталама арыз-шағымдарды болдырмау және мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін азайту – басты міндет. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды барлық аудандар мен ауылдарда да жүргіземіз. Нәтижесінде, қоғамда тәртіп орнатып, қылмыс деңгейін төмендетуге қол жеткіземіз, – деді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

Кеңес аясында өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жобалар таныстырылды. Солардың бірі – «Қоғаммен байланыс» жобасы. Оның аясында 100-ден астам көшпелі қабылдау өткізіліп, 10 мыңға жуық азамат қамтылған. Нәтижесінде, 100 мыңға жуық тұрғынның өзекті мәселелері шешімін тапқан. Сонымен қатар, іс-шарада балалар арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған «Qalqan» жобасына ерекше назар аударылды. Бұл бастама құқықтық сауаттылықты арттырып, мектеп ортасындағы қауіпсіз ахуалды нығайтуға бағытталған.

Атап өту керек, жасөспірімдердің қатысуымен қылмыс дерегі 42,1 пайызға төмендеген. Бүгінге дейін облыстың білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 2332 іс-шара өткізілді. Оқушылар арасында 412 сауалнама алынды. Оған 89 мыңға жуық оқушы қатысты. Тәрбие сағаттары ұйымдастырылды, оған 180 мыңға тарта оқушы қатысты, – деді облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календаров.

Айта кетейік, облыс прокуроры жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жауаптыларға нұсқаулар берді. Іс-шара соңында арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қылмысқа қарсы күреске белсенді қатысқан өңір тұрғындары марапатталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *