ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫ БОЙЫНША СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕРДІ АТАП ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйлеп, еліміздің ғылыми-технологиялық даму бағыты туралы кең көлемді баяндама жасады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында ғылым мен жоғары технологияға басымдық беру елдер үшін стратегиялық міндетке айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық өсім мен мемлекеттің әлемдік аренадағы орны ғылымның даму деңгейіне тікелей байланысты.
– Қазақстан алдағы үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналып, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізуі тиіс. Бұл – халыққа Жолдауымда қойылған басты мақсаттардың бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент БҰҰ Бас Ассамблеясында және Қытай мен АҚШ-қа жасаған ресми сапарлары барысында жоғары технология мен инвестиция саласындағы ірі келісімдер жасалғанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Amazon, Meta, Goldman Sachs сынды жаһандық корпорациялармен әріптестік орнағанын айтып өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің ғылым саласына салынған инвестиция бес жыл ішінде бес есе өскенін атап өтті. Зерттеу университеттері мен коммерциялық жобалар саны артып, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» моделі қалыптаса бастағанын жеткізді.
Жиында атом саласын дамыту мәселесі де қозғалды. Президент ядролық энергетика елдің энергетикалық дербестігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтып, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталғанын хабарлады. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады, оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.
– Біз бір ғана АЭС-пен шектелмейміз. Екінші және үшінші станцияларды жоспарлай беруіміз керек. Атом энергетикасы – еліміз үшін қажет қуат көзі. Бұл бағытта озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы атом саласын дамытуда сирек кездесетін металдар мен уран қорын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстан – әлемдегі уран қоры бойынша жетекші елдердің бірі екенін еске салды.
Президент білім беру жүйесінде ғылыми кадрлар тапшылығына назар аударып, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар санын арттыруды тапсырды. 2026 жылдан бастап атом энергетикасы саласы бойынша жылына 20 квота бөлу көзделіп отыр.
Атом ғылымын дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев МАГАТЭ, CERN, Ядролық зерттеулер институты сынды ұйымдармен серіктестіктің жолға қойылғанын жеткізді. Аталған салада ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу қажеттігіне тоқталды.
Президент сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік, қоғаммен байланыс, кадр даярлау, цифрландыру, ғылыми қалашықтар құру және отандық өндірісті дамыту мәселелерін де қозғап өтті. Абай облысындағы АЭС құрылысы аясында Курчатов қаласында ғылыми-инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру көзделіп отыр.
– Атом генерациясы – ең таза қуат көздерінің бірі. Алайда құрылыс барысында экологиялық нормаларды сақтау – басты талап. Қоғамда радиофобия бар, сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ғылым-білім культін қалыптастырудың маңызын айтып, жас ғалымдарға қолдау көрсетуді, қаржыландыруды арттыруды тапсырды. Әлеуметтік желідегі жалған ақпараттардан сақ болуға шақырып, ғалымдардың ағартушылық рөлін күшейту қажеттігін айтты.
Сөз соңында Президент еліміздің халықаралық беделі артып келе жатқанын, ішкі жалпы өнім көлемі, ұлттық қор активтері мен халықаралық резервтер өсіп отырғанын атап өтті.
– Біз басқа жолмен жүре алмаймыз. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект – бұл ұлттық стратегия. Бұл бағытта батыл әрі жылдам әрекет ету қажет. Сонда ғана Қазақстан жаңа әлемде лайықты орнын иеленеді, – деді Мемлекет басшысы.