BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ALMATY SUPERSKI ЖОБАСЫНЫҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ

Kazakh Tourism Development Ltd. директорлар кеңесі Almaty Superski тау шаңғысы туризмін дамыту жобасының жаңартылған кешенді жоспарын бекітті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттер аясында Алматы қаласының тау шаңғысы кластерін дамыту мәселелері қаралды.

Отырыс барысында Kazakh Tourism Development Ltd. бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев әлемге танымал Pas Grau International (PGI) компаниясымен бірлесіп әзірленген Almaty Superski жобасының жаңартылған кешенді жоспарын таныстырды.

Жоба заманауи технологияларды, соның ішінде спутниктік деректерді пайдалана отырып климаттық және рельефтік жағдайларды талдауды, сондай-ақ «жасыл» стандарттарды енгізуді көздейді. Курортты жобалау кезінде әлем бойынша 120-дан астам тау-шаңғы курорттарының үздік тәжірибелері негізге алынған.

PGI компаниясының өкілі Жоан Виладомат құрылысқа таңдалған аумақтың мегаполис маңында орналасуы туристік ағымды тұрақты қамтамасыз етіп, алғашқы жылдардан-ақ курортты өңірлік көшбасшы ретінде дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Алматы қаласында барынша дамыған инфрақұрылымның (қонақ үйлер, мейрамханалар, көлік жүйесі) болуы курорт аумағындағы құрылыс көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаны дайындау барысында экологиялық нормаларға ерекше назар аударылған. Кешенді жоспар орнықты даму қағидаттарына, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес әзірленді. Бұл — жыл бойғы экотуризмді ұйымдастырудың заманауи тәсілдеріне негізделген.

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жобаны іске асыру кезінде қоршаған ортаға әсерді барынша азайту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары ұлттық және халықаралық заңнама талаптарына сай жүргізіліп, табиғи экожүйеге ұқыпты көзқараспен жүзеге асырылуы тиіс.

Кешенді жоспардың қабылдануы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Almaty Superski жобасы туризм саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Ол Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, сондай-ақ туризм, көлік, қызмет көрсету салалары мен шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *