Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!
BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҚАЗМҰНАЙГАЗДАҒЫ ТАУАРЛЫҚ ГАЗ ӨНДІРІСІ 4,5 МИЛЛИАРД ТЕКШЕ МЕТРГЕ ДЕЙІН АРТАДЫ

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алдағы жылдары тауарлық газ өндіру көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай компаниядағы газ өндірісі жылына 2,4 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін өседі, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, өндіріс көлемін арттыру Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын іске қосу және газ өңдеу қуаттарын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылады.

Компания жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі де 1,3 миллион тоннадан 1,5 миллион тоннаға дейін көбейеді.

Газ өндірісін арттыру бірнеше ірі жобаны іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Соның бірі — Батыс Қазақстан облысындағы Рожковское кен орны. Қазіргі уақытта жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Ол 2028 жылы аяқталып, газ өндіру көлемін жылына 700 миллион текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Атырау облысындағы Батыс Прорва жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда. 2025 жылдың желтоқсанында жобаның алғашқы кезеңі іске қосылып, жылына 200 миллион текше метр газ өндіру қуатына қол жеткізілді. Екінші кезең аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 920 миллион текше метрге дейін ұлғаймақ.

Ақтөбе облысындағы Орталық Өріктау жобасы да газ өндірісін арттыруға бағытталған. Биыл сәуір айында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Жаңажол газ өңдеу зауытында газ өңдеу жөніндегі келісім жасалған. Жоба аясында биыл өндіріс көлемін 200 миллион текше метрге жеткізу, ал 2027 жылы бұл көрсеткішті 1 миллиард текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Асхат Хасенов аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде жылына қосымша 2,1 миллиард текше метр тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған газ өндіруге мүмкіндік болатынын атап өтті.

Сонымен қатар Жаңаөзен қаласында жылына 900 миллион текше метр газ өңдейтін жаңа зауыт салынып жатыр. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып, қажетті жабдықтарды дайындау жүргізілуде.

Компания ұзақмерзімді газ қорын қалыптастыру үшін геологиялық барлау жобаларын да жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» жобасы бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп, ұңғымаларды сынау нәтижесінде газ ағыны алынған.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында «Болашақ» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ «Жылыой» және «Березовский» жаңа жобалары бойынша шетелдік серіктестермен келісімдер жасалған.

ҚазМұнайГаз өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологияларды енгізіп келеді. Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта қордың негізгі бөлігін қамтитын 12 ірі кен орнына цифрлық модельдер енгізілуде.

2030 жылға дейін аталған жобалардың нәтижесінде шамамен 2,8 миллион тонна мұнай және 500 миллион текше метр ілеспе газ қосымша өндіріледі деп күтілуде.

«ҚазМұнайГаз» ресурстық базаны кеңейту, газ саласын дамыту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *