15 НАУРЫЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗІЛЕДІ
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат 2026 жылғы 11 ақпанда қабылданды. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарлық Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 18-бабына сәйкес шығарылған.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізіледі. Дауыс беруге Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы шығарылады. Референдумда азаматтарға: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады.
Жарлық пен жаңа Конституция жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланады.
Референдумды дайындау және өткізу міндеті Орталық сайлау комиссиясына жүктелді. Ол Референдумның орталық комиссиясының функцияларын атқарады. Сонымен қатар, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары тиісті деңгейдегі референдум комиссияларының қызметін жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметіне Орталық сайлау комиссиясымен және өзге де орталық әрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, референдумды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Құжатқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Жарлық Астана қаласында, Ақордада 2026 жылғы 11 ақпанда №1170 нөмірімен рәсімделді.

