ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ӘКІМШІЛІК ЖҮКТЕМЕНІ АЗАЙТАДЫ
Жаңа Салық кодексінде қарастырылған өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған. Арнайы салық режимімен жұмыс істеуге мүмкіндік алатын кәсіпкерлік қызмет түрлерінің алдын ала тізімі аптаның соңына дейін «Ашық НҚА» порталында жарияланбақ. Алдын ала бағалаулар бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі елдегі барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына қолданылмақ, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, оңайлатылған режиммен тек жеке тұлғаларға бөлшек сауда қызметін көрсететін кәсіпкерлер жұмыс істей алады. Ал заңды тұлғалармен жұмыс істейтін компаниялар толыққанды бухгалтерлік есеп жүргізуді және шегерімдерді қолдануды талап ететін жалпы салық салу тәртібінде қала бермек.
Жұманғарин атап өткендей, жеңілдетілген режим қолданылмайтын салалар тізіміне өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, телекоммуникация, интернет және IT, қаржылық және сақтандыру қызметтері, сондай-ақ консалтинг пен ғылыми зерттеу секторлары енгізіледі. Бұл салалардағы мәмілелердің басым бөлігі ірі компаниялар арқылы жүзеге асатындықтан, салық салудың жалпы режимінде қала береді.
Сонымен қатар, алдын ала тыйым салынған қызмет түрлері жалпы экономикалық қызмет түрлерінің шамамен 30%-ын құрайды. Ал тұрғындарға бағдарланған шағын бизнес үшін жеңілдетілген салық режимі сақталады. Бұл топқа сауда нүктелері, қоғамдық тамақтану орындары, қонақүйлер, дәріханалар, тұрмыстық қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік маңызы бар қызметтер кіреді.
Қаржы министрі Мәди Такиев жаңа Салық кодексіндегі маңызды өзгерістердің бірі – банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту екенін атап өтті. Оның орнына алдын ала камералдық тексеру форматы енгізіліп, кәсіпкерлерге өз қызметіне нұқсан келтірмей, кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Жаңа құжатта сараланған және прогрессивті салық ставкалары енгізіліп, зейнетақы төлемдерін ЖТС-тен босату, 10 жылдан асқан көліктерге салықты төмендету, мүгедектігі бар адамдарға қосымша жеңілдіктер беру қарастырылған. Арнайы салық режимдері де оңтайландырылып, енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын бизнес өкілдері және фермерлер үшін үш түрлі режим сақталады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалог жалғасады және қажет болған жағдайда құжатқа түзетулер енгізіледі.
1 тамызда басталған жаңа Салық кодексін түсіндіру бойынша республикалық семинарлар сериясы Астанада өткен қорытынды іс-шарамен аяқталды. Оған Үкімет мүшелері, Мемлекеттік кірістер комитеті және «Атамекен» палатасының өкілдері қатысты. Семинар онлайн режимде еліміздің барлық өңірлерінде көрсетіліп, кәсіпкерлер көкейдегі сұрақтарына жауап алды.