BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТТІҢ 2024 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ: ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКА КЕШЕНІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды «Taraz24news.kz»  ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Электр энергетикасы саласында алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Бұл жұмыс қолданыстағы стансаларды жаңғыртуды, жаңа нысандар салуды, гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қамтиды. 2023–2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылды, 2025 жылы 621,5 мегаватт, 2026 жылы 2 648,5 мегаватт қосу көзделуде.

Инфрақұрылымды жаңарту бағытында жылу электр орталықтарының тозуын азайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазірдің өзінде бірқатар ЖЭО апат қаупі жоғары аймақтан қауіпсіз аймақтарға көшірілді.

2024 жылдың соңында бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланған. Жобаға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген, оның басым бөлігі жекеменшік қаржы институттары арқылы жүзеге асырылмақ.

Мұнай-газ химиясы саласында жалпы құны 15 млрд АҚШ долларына тең алты ірі жоба қолға алынған. Оның ішінде қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт пайдалануға берілді, ал полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы жалғасып жатыр.

Газ саласында жаңа өңдеу зауыттарының құрылысы басталды. Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзенде ірі жобалар іске асырылып, газ өндіру қуаттылығы арттырылуда. Қазақстанды газдандыру деңгейі бүгінде 62,4 пайызға жетіп отыр.

Жаңғырту шаралары аясында цифрлық технологиялар да енгізілуде. Жасанды интеллект негізіндегі шешімдер электр желілерін диагностикалауда, құбырлардың жағдайын бақылауда және есептегіштер көрсеткішін тіркеуде қолданылып жатыр.

Сонымен бірге, жол құрылысына қажетті битум өндірісінде ел толық өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Үкімет мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасын да бекітті. Жалпы шаралар кешені ел экономикасының тұрақты дамуына, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *