РОМАН СКЛЯР «SVEVIND GROUP» БАС ДИРЕКТОРЫ ВОЛЬФГАНГ КРОПППЕН КЕЗДЕСТІ
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «SVEVIND Group» бас директоры Вольфганг Кропппен кездесу өткізді. Басқосуда Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру бойынша HYRASIA ONE ауқымды инвестициялық жобасын іске асыру мәселелері және тұрақты энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Роман Скляр Қазақстанның тұрақты энергетика саласында неміс бизнесімен әріптестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Үкімет аталған жобаны табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.
Өз кезегінде, Вольфганг Кропп Маңғыстау облысында «жасыл» сутек өндіруге бағытталған стратегиялық жобаны жүзеге асыруға бейілділігін білдіріп, Қазақстан Үкіметінің қолдауы үшін алғыс айтты.
Тараптар HYRASIA ONE жобасы тұрақты энергетика саласындағы Қазақстан мен Германия бизнесінің өзара іс-қимылының флагмандық үлгісі болатынын атап өтті. Жоба өнеркәсіп, көлік және энергетика секторларын декарбонизациялауға ықпал етпек.
Кездесу аясында Инвестициялар туралы келісім бойынша қосымша келісімге қол қойылды.