МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БЕЛЬГИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БАРТ ДЕ ВЕВЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігінің Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесу өткізді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Бельгиямен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар Бельгия Қазақстанның ең ірі он инвесторының қатарында екеніне назар аударылды. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы шамамен жарты миллиард долларға жетті.
Әңгімелесу барысында тараптар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор әлеует бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, аса маңызды минералдарды игеру, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларында серіктестік мүмкіндіктері сөз болды.
Өз кезегінде Барт де Вевер екіжақты күн тәртібін талқылауға уақыт бөлгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдіріп, Король Филипптің ізгі тілегін жеткізді.